4 Қараша 2026, 08:11 Фото: istockphoto.com

Бүгін еліміздің сегіз қаласында ауа сапасы нашарлайды

Осыған байланысты тұрғындарға ашық ауадағы ұзақ серуеннен бас тарту ұсынылады.

Бүгін, 4 қарашада Қазақстанның сегіз қаласында ауаның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, мұндай жағдайлар Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында күтіледі. Ал Атырауда қолайсыз метеожағдайлар түнде байқалуы мүмкін.

Мамандардың түсіндіруінше, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия салдарынан зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасы нашарлауы ықтимал.

Осыған байланысты тұрғындарға далада ұзақ жүрмеу, ашық ауадағы дене белсенділігін шектеу және балалар мен жүкті әйелдердің ұзақ серуеннен бас тартуы ұсынылады.