11 Қыркүйек 2026, 08:11 Фото: istockphoto.com

Бүгін еліміздің сегіз қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мамандар мұндай кезде ашық ауада ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес береді.

Бүгін, 11 қыркүйекте Қазақстанның сегіз қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді.

Болжам бойынша, Алматы мен Өскеменде, сондай-ақ түнгі уақытта Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау және Атырау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасуы мүмкін.

Қолайсыз метеожағдайлар — атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Оған желсіз немесе әлсіз желді ауа райы, тұман және температуралық инверсия жатады. Мұндай кезде елді мекендердегі ауа сапасы нашарлауы мүмкін.

Мамандар қолайсыз метеожағдай кезінде тұрғындарға, әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге, ашық ауада ұзақ уақыт жүрмеуге және көлік жолдары мен басқа да ластану көздерінен алшақ болуға кеңес береді.

Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Сондай-ақ ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, спортпен жабық ғимараттарда айналысқан жөн.