Бүгiн 2026, 08:11 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Бүгін еліміздің сегіз қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мамандар мұндай кезде ұзақ серуендемеуге кеңес береді.

Бүгін, 31 наурызда Қазақстанның сегіз қаласында – Алматы, Астана, Павлодар, Теміртау, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай және Атырау қалаларында қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қолайсыз метеожағдайлар қысқа мерзімді метеофакторлардың (тыныш ауа райы, әлсіз жел, тұман, инверсия) комбинациясы ретінде байқалады. Мұндай жағдай зиянды заттардың жер бетінде жиналуына әкеліп, атмосфералық ауаның сапасына теріс әсер етуі мүмкін.

Синоптиктердің мәліметінше, ҚМЖ кезінде ауа сапасының нашарлауы адамдардың денсаулығына, әсіресе тыныс жолдары, жүрек-қан тамырлары аурулары мен аллергиясы бар азаматтарға кері әсер етуі ықтимал.

Қауіптің алдын алу үшін ұсыныстар:

  • Ашық ауада, әсіресе автокөлік жолдары немесе басқа ластаушы көздерге жақын жерде болу уақытын қысқарту; балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден аулақ болу.
  • Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді әрдайым өзімен бірге алып жүру.
  • Ашық ауада физикалық жүктемені шектеу; спортпен шұғылдануды жабық спорт кешендерінде жүргізу.