Бүгін еліміздің қай қаласында ауа ластанады
Мамандар мұндай кезде тұрғындарға ашық ауада ұзақ жүрмеуге кеңес береді.
Бүгін, 24 қарашада Атырау қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Қолайсыз метеожағдайлар кезінде атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттар жиналып, ауаның ластану деңгейі артуы мүмкін. Бұған желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлар әсер етеді.
Мамандар мұндай кезде тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуға, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тартқан жөн.
Сондай-ақ созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек. Ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, спортпен жабық ғимараттарда айналысқан дұрыс.