22 Қараша 2026, 08:54 Фото: depositphotos.com

Бүгін еліміздің он қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мамандар мұндай күндері ашық ауада ұзақ жүрмеуге, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерлерде болу уақытын қысқартуға кеңес береді.

Бүгін, 22 қарашада Қазақстанның бірқатар қаласында атмосфералық ауаның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Болжам бойынша, қолайсыз метеожағдайлар Астана, Алматы, Павлодар, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды, Балқаш, Талдықорған, Өскемен және Атырау қалаларында күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты атмосфералық құбылыстардың жиынтығы. Олар ауадағы зиянды заттардың жерге жақын қабатта жиналуына әсер етеді. Соның салдарынан елді мекендерде ауа сапасы нашарлап, тұрғындардың денсаулығына кері ықпал етуі мүмкін.

Мамандар мұндай күндері ашық ауада ұзақ жүрмеуге, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерлерде болу уақытын қысқартуға кеңес береді. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тартқан жөн.

Сондай-ақ тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, спортпен жабық ғимараттарда айналысқан дұрыс.