Бүгін еліміздің он қаласында ауа сапасы нашарлайды
Мамандар мұндай жағдайда тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуді ұсынады.
Бүгін, 18 қарашада Қазақстанның 10 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл атмосферада зиянды заттардың жиналуына ықпал етуі мүмкін.
«Қазгидромет» болжамы бойынша, күндіз Ақтөбе, Алматы, Балқаш, Жезқазған, Талдықорған, Өскемен және Павлодар қалаларында қолайсыз метеожағдайлар болады. Ал Астана, Атырау және Көкшетауда бұл құбылыс түнде күтіледі.
ҚМЖ кезінде желсіздік, әлсіз жел, тұман мен ауа температурасының инверсиясы салдарынан зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Мамандар мұндай жағдайда тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуді ұсынады. Сондай-ақ даладағы дене белсенділігін шектеп, спортпен жабық ғимараттарда айналысқан жөн. Созылмалы аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.