Бүгін еліміздің он қаласында ауа сапасы нашарлайды
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуді ұсынады.
Бүгін, 14 қарашада Қазақстанның он қаласында атмосфералық ауаның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» мәліметіне сілтеме жасаған Kazinform агенттігі хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, мұндай жағдайлар Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Алматы және Астана қалаларында күтіледі.
Қолайсыз метеожағдайлар – желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді факторлардың әсерінен зиянды заттардың атмосфераның жерге жақын қабатында жиналуына әкелетін құбылыс. Мұндай кезде елді мекендердегі ауа сапасы нашарлап, адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуді ұсынады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тартқан жөн.
Сондай-ақ тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру, ал ашық ауадағы дене белсенділігін шектеу ұсынылады. Спортпен жабық кешендерде айналысқан дұрыс.