14 Тамыз 2026, 08:11 Фото: BAQ.KZ архиві

Бүгін еліміздің екі қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мамандар мұндай кезде ашық ауада ұзақ серуендеуден бас тартуға шақырады.

Бүгін, 14 тамызда Алматыда, ал түнде Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Тұрғындарға күнделікті жоспарларын құру кезінде ауа райы факторларын ескеруге кеңес беріледі, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфералық ауаның жерге жақын қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы.

Мұндай жағдайларда елді мекендердегі атмосфералық ауа сапасының нашарлауы ықтимал. Бұған желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы сияқты синоптикалық факторлар әсер етеді.

Қолайсыз метеожағдай кезінде мамандар:

  • ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластау көздерінің маңында ұзақ жүрмеуді;
  • балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуды;
  • өкпенің созылмалы, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруді;
  • ашық ауадағы дене белсенділігін шектеуді ұсынады.

Дене шынықтыру және спортпен айналысуды жабық спорт нысандарында өткізген жөн.