Бүгiн 2026, 08:54 Фото: BAQ.KZ архиві

Бүгін еліміздің екі қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мамандар мұндай жағдайда сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.

Бүгін, 9 шілдеде Астана мен Қостанай қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – желдің әлсіз болуы, тұман, инверсия сияқты атмосфералық құбылыстардың әсерінен ауадағы зиянды заттардың жерге жақын қабатта жиналуына әкелетін табиғи құбылыс. Мұндай жағдайда елді мекендердегі ауа сапасы нашарлап, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық пен ауа температурасы сияқты синоптикалық факторлар әсер етеді.

Қолайсыз метеожағдай кезінде тұрғындарға мынадай сақтық шараларын ұстану ұсынылады:

  • ашық ауада болу уақытын, әсіресе автокөлік жолдары мен өндірістік нысандар маңында қысқарту;
  • балаларға, жүкті әйелдерге және қарт адамдарға ұзақ серуендеуден бас тарту;
  • тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар азаматтарға қажетті дәрі-дәрмектерін өздерімен бірге алып жүру;
  • ашық ауадағы дене жаттығуларын шектеп, спортпен жабық кешендерде айналысу.