11 Қазан 2026, 08:54
Фото: pixabay
Бүгін еліміздің бес қаласында ауа сапасы нашарлайды
Мамандар қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Бүгін, 11 қазанда Қазақстанның бес қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті.
Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Орал, Алматы, Астана, Атырау және Ақтөбе қалаларында күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың үйлесуі. Мұндай кезде зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.
Мамандар қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде мынадай сақтық шараларын ұсынады:
- Ашық ауада, әсіресе автожолдар мен ластану көздеріне жақын жерлерде болу уақытын қысқарту. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендемеген жөн.
- Өкпенің созылмалы, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрілерін өзімен бірге алып жүруі керек.
- Ашық ауадағы дене жүктемесін шектеп, спортпен жабық кешендерде айналысқан дұрыс.