17 Қазан 2026, 08:32 Фото: depositphotos.com

Бүгін еліміздің алты қаласында ауа сапасы нашарлайды

Синоптиктер мұндай жағдайда тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартып, жолдар мен ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуге кеңес береді.

Бүгін, 17 қазанда Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Теміртау және Астанада қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.

Қолайсыз метеожағдайлар кезінде ауадағы зиянды заттар жерге жақын қабатта жиналып, атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұған желдің әлсіздігі, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлар әсер етеді.

Синоптиктер мұндай жағдайда тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартып, жолдар мен ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Сондай-ақ даладағы дене белсенділігін шектеп, созылмалы аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тартқан жөн.