Бүгiн 2026, 08:11 Фото: BAQ.KZ архиві

Бүгін еліміздің алты қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мамандар бұл күндері далада ұзақ уақыт болмауға, әсіресе жол бойында серуендеуді шектеуге кеңес береді.

Синоптиктер бүгін, 29 наурызда Қазақстанның бірқатар қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) қалыптасатынын ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Болжам бойынша, ауа сапасының нашарлауы Алматы, Астана, Павлодар, Теміртау, Қарағанды қалаларында, сондай-ақ түнде Қостанайда күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай – желдің әлсіздігі, тұман, ауа инверсиясы сияқты факторлардың әсерінен зиянды заттардың атмосфераның төменгі қабатында жиналуына әкелетін құбылыс. Мұндай кезде елді мекендерде ауа сапасы төмендеп, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Мамандар бұл күндері далада ұзақ уақыт болмауға, әсіресе жол бойында серуендеуді шектеуге кеңес береді. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тарту ұсынылады. Ал созылмалы аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру қажет. Сондай-ақ ашық ауада ауыр дене жүктемесін азайтып, спортпен жабық ғимараттарда айналысқан жөн.