Бүгін еліміздің алты қаласында ауа ластанады
Мамандар мұндай кезде ашық ауада ұзақ болмауға, автомобиль жолдары мен ластану көздеріне жақын жерде серуендеуді шектеуге кеңес береді.
Бүгін, 25 қыркүйекте Қазақстанның алты қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, күндіз Павлодар мен Алматыда, түнде Ақтөбе, Өскемен, Семей және Риддерде ауа сапасының нашарлау қаупі бар.
Қолайсыз метеожағдайлар әлсіз жел, тұман, ауа температурасының инверсиясы сияқты қысқа мерзімді факторлардың әсерінен атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына әкелуі мүмкін.
Мамандар мұндай кезде ашық ауада ұзақ болмауға, автомобиль жолдары мен ластану көздеріне жақын жерде серуендеуді шектеуге кеңес береді. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тарту ұсынылады.
Созылмалы тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүргені жөн. Сондай-ақ ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, спортпен жабық ғимараттарда айналысу ұсынылады.