Бүгін еліміздің 13 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі
Қолайсыз метеорологиялық жағдай – желдің бәсеңдеуі, тұман, инверсия сияқты қысқа мерзімді ауа райы факторларының үйлесуі.
22 қыркүйекте Қазақстанның 13 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) күтіледі.
«Қазгидромет» РМК синоптиктері тұрғындарға қозғалысын жоспарлау кезінде ауа райы факторларын ескеру ұсынады.
Синоптиктердің мәліметінше, 22 қыркүйекте Павлодар, Орал, Ақтөбе, Талдықорған, Алматы қалаларында, ал түнде Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Семей, Риддер, Атырау және Астана қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай – желдің бәсеңдеуі, тұман, инверсия сияқты қысқа мерзімді ауа райы факторларының үйлесуі. Мұндай жағдайда зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, елді мекендердегі ауа сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Ауа сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жел, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура сияқты синоптикалық жағдайлар.
ҚМЖ кезінде мамандар:
- ашық ауада болу уақытын қысқартуға, әсіресе көлік жолдары мен басқа да ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеуге;
- балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға;
- өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруге;
- ашық ауадағы дене жүктемесін шектеуге және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысуға кеңес береді.