Бүгін - Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды 23 сəуір - Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күнімен құттықтады.

Құрметті достар! Сіздерді 23 сəуір - Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - кітап пен оның авторларына құрмет көрсетіп, əлем халықтарын ағартуға, жан дүниесін, санасын жаңғыртуға бағытталған əдебиеттегі айтулы күннің бірі, - деді министр.

Ақтоты Райымқұлова атап өткендей, кітап - адамзаттың рухани құндылығы, теңдессіз байлығы, білімнің түпсіз аспаны, терең бастауы. Өткен заман өрнектеріндей тарихты да, әдебиетті де, кез келген ғылым кереметін де осынау кітап атты парасат сарайынан табатынымыз сөзсіз.

Талай жан əр ғасырдың жұмбағын шешетін ақыл ескерткішін көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жарату ізгілік пен өркениетті Ұлы Дала еліне айналуы жолындағы біз жаңылмайтын темірқазық. Ал көненің көзі мен ескінің сөзі тұнық кітап əлемінің жасампазы - авторлар мен адалжүрек сақшысы - кітапханашылар қауымының қажырлы еңбегін лайықты бағалау біздің мəңгілік сапардағы қасиетті борышымыз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай: «Кітап - әр адамның өмірлік досы». Осы орайда тұнық əлемге үйіріп əкететін сенімді серік жайлы оралымды оймен эстетикалық талғамы жоғары, ойы зерек, қиялы жүйрік əр оқырман келіседі жəне олардың қатары еселеп арта береді деп сенемін, - деп айтты ол.

МСМ басшысы кітапсүйер қауымның бұлағынан бастау алып, оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан кітапханамыз көп болсын деген тілек білдірді.

Сол рухани ордаға келген əр жанға білім мен қажет ақпараттың тиімдісін демдеп беретін шыңдалған, парасатты кітапханашылардың жəне кітап шығару ісіне қатысы бар барлық маман қызметінің жемісті болуына тілектеспін, - деп жазылған министрдің құттықтау хатында.

Айта кетейік, Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күнін 1996 жылы ЮНЕСКО Уильям Шекспир (1564-1616), Мигель де Сервантес (1547-1616) және жазушы-тарихшы Инко Гарсиласоде ла Веганы (1539-1616) еске алу мақсатында бекіткен. Аты аталған үш жазушы да 1616 жылы 23 сәуірде қайтыс болған. Қазір жыл сайын барлық өркениетті елде осы күні кітап жәрмеңкесі, көрме мен фестивальдар өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы