Бүгін докторантураға түсу емтихандары басталды

16 тамыздан бастап докторантураға түсу емтихандары басталды. Емтиханды тапсыруға өтініш қабылдау 11 шілде мен 3 тамыз аралығында Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүзеге асырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Докторантураға түсу емтихандарына 3577 адам қатысады. Емтихан бүгін басталып, 21 тамызға дейін жалғасады.

Түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 30 балл, эссе – 20 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 50 балды құрайды. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75 балды құрайды.

2024 жылдан бастап түсушілердің бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша докторантураға түсуге мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді. Сондай-ақ, бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша түсушілер емтихан барысында эссе жазбайды. Ең жоғары көрсеткіш – 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге – 25 балл, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) – 5 балл және бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 50 балды құрайды. Шекті балл – кемінде 50 балл.

Түсу емтиханының нәтижелері оны өткізгеннен кейін келесі күні жарияланады. Түсушілер түсу емтиханының нәтижелерімен жеке кабинетінде таныса алады.

Болашақ докторанттар үшін 2,7 мыңнан астам грант бөлінген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы