Бүгін Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні
Елімізде Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл күні бүкіл ел бойынша мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш отырғызу, елді мекендердегі гүлзарлар мен саябақтарға гүл отырғызу, "Таза Қазақстан " аясында аумақты жинау бойынша акциялар өтеді.
Осы орайда экология министрлігі Қызылжар орман шаруашылығы аумағында көшет отырғызу іс-шарасын өткізді.
Таза Қазақстан акциясы аясында Экология және Табиғи ресурстар министрлігі және оның құрылымдық бөлімшелері орман отырғызу іс-шарасын атқарып жатыр. Жалпы 150 адам қатысуда. 2000 дана көшет отырғызылады. Әдетте сенбіліктер қала тазалау болса, бүгінгі акцияның ерекшелігі көшет отырғызу. Болашақта мұндай іс-шаралар жалғасын табады. Еліміздің әр өңірінде әртүрлі уақытта басталады. Оңтүстік өңірде күн ерте жылитындықтан ағаш отырғызу басталып кетті,-дейді Орман және өсімдіктер әлемінің өндіру және пайдалану басқармасының бас сарапшысы Бақдәулет Амангелдинов.
Қазақстан 2030 жылға дейін орман алқаптарының көлемін 13,7 миллион гектардан 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл жеті жыл ішінде шамамен 1 миллион гектарға арту деген сөз.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу міндетін қойған еді. 2021 жылдан бері ел аумағында 736 мың гектар жерге 1 миллиард 150 миллион ағаш отырғызылса, оның ішінде 2024 жылы 205 мың гектар аумаққа 306 миллион ағаш отырғызылған.