Бүгін – әскери журналист күні
Бұл кәсіби мерекенің тарихы 1929 жылғы 7 қарашада «Қызыл әскер» республикалық әскери газетінің алғашқы нөмірінің жарыққа шығуымен тікелей байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде қоғаммен байланыс және Қарулы күштердің тыныс-тіршілігі туралы азаматтарды кеңінен хабардар етуді Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштер түрлері мен әскер тектерінің, жоғары оқу орындарының және гарнизондық баспасөз қызметтерінің әскери ұжымы жүзеге асырады.
Олардың қызметінің арқасында министрліктің сайтында, Telegram, Instagram, YouTube және TikTok әлеуметтік желілерінің аккаунттарында күн сайын Қазақстан әскерінде болып жатқан оқиғаларға қатысты жаңалықтар мен хабарламалар уақтылы жарияланып тұрады.
Материалдардың кеңейтілген нұсқалары, яғни мақалалар, репортаждар мен сұхбаттар «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы секілді ведомстволық басылымдарда жарияланады.
Әскери журналистердің назары ресми, мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға, әскерлердің жауынгерлік дайындығы мен оқу-жаттығуларына, беделді жарыстарда, фестивальдар мен конкурстарда армия мүшелерінің өнер көрсетуіне бағытталған.
Әскери журналистердің еңбегінің арқасында кең ауқымды оқырман, телевизиялық және интернет-аудитория әскери қызметтің ерекшеліктерімен, Қорғаныс министрлігінің әлеуметтік жобаларымен және Отан қорғаушылардың күнделікті өмірімен нақты танысып келеді.