Бүгін алты қалада ауа сапасы нашарлауы мүмкін
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына әсер ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (желсіздік, баяу жел, тұман, температуралық инверсия) жиынтығы.
11 қарашада Қазақстанның алты қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін метеорологиялық жағдайлар Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Атырау және Астана қалаларында болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына әсер ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (желсіздік, баяу жел, тұман, температуралық инверсия) жиынтығы.
Мұндай жағдайларда елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Ауаның ластану деңгейінің қалыптасуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы. Оған жел, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы жатады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде мамандар мынадай сақтық шараларын ұсынады:
- Ашық ауада, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздеріне жақын жерлерде болу уақытын қысқарту. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
- Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.
- Ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеу. Дене шынықтыру және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысқан жөн.