Бүгін Алматы мен Атырауда ауа сапасы нашарлайды

Бүгін, 28 шілдеде еліміздің бірнеше өңірінде қолайлы метеорологиялық жағдай сақталады. Алайда Алматы мен Атырау қалаларында атмосфералық ауа сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК мәлімет етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Синоптиктердің болжамынша, түнгі уақытта Атырау, ал Алматы қаласында күндізгі және кешкі уақытта қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасуы мүмкін. Бұл құбылыс – зиянды ластаушы заттардың ауада шоғырлануына әкелетін метеофакторлармен тікелей байланысты. Яғни желдің бәсеңдеуі, тұман, ауа инверсиясы сияқты табиғи құбылыстар қалаларда атмосфералық ауаның ластануын күрт арттыруы ықтимал.

Қолайсыз метеожағдайлар – бұл қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың жиынтығы. Олар атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына жағдай жасайды. Мұндай жағдайлар халық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін, әсіресе тыныс алу жолдары ауруларымен ауыратын адамдарға қауіп төндіреді, – делінген хабарламада.

Қазгидромет мамандары тұрғындарға мүмкіндігінше ашық ауада ұзақ жүрмеуге, дене жүктемесін шектеуге, ал жүрек-қан тамырлары мен тыныс жолдарына қатысты диагнозы бар азаматтарға қорғаныш шараларын қолдануға кеңес береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы