Бүгін әлеуметтік-қоғамдық мәселе халық таңдауына қойылып отыр - Елнұр Бейсенбаев

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев АЭС бойынша өтіп жатқан референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат кіші қызымен бірге елордада орналасқан №66 мектепте жұмыс істеп тұрған №165 референдум учаскесіне келді.

Елнұр Бейсенбаев бүгіннің маңызы жайлы айтты.

Бүгін - өте маңызды күн. Біріншіден, осындай әлеуметтік-қоғамдық мәселе халықтың талқылауына, халықтың таңдауына қойылып отыр. Бұл референдум жайлы осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында айтқан болатын. Бұл “естуші мемлекет” тұжырымдамасының, сондай-ақ ашық мемлекет, әділетті Қазақстан орнатудағы ең негізгі қадамдарының бірі деп есептеймін, - деді депутат.

Бейсенбаев атап өткендей, осы күнге дейін екі референдум өтті. Екеуі де Конституцияның өзгеруіне байланысты болса, енді міне үшінші референдум әлеуметтік-саяси, елдің экономикалық мәселесіне байланысты болып отыр.

Менің ойымша, бұл өте маңызды, елдің болашағы үшін жауапты қадам. Бүгін дауыс беруге кішкентай қызыммен келдім. Мектеп оқушысы. Үйіміздің еркесі. Бүгін арнайы көрсетейін деп ертіп келдім. Олар да бір бойы осы референдум жайлы естіді. Ол қаншалықты қажет деген сияқты сұрақтарын қойды. Қазір бәлкім, маңыздылығын түсінбейтін шығар. Бірақ бұл өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан үлкен қадам. Энергетикалық тәуелсіздігіміздің бірден-бір кепілі - осы АЭС салу, - деп ойын айтты ол.

Еске сала кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бүгін - экономикамыздың тағдырын шешетін күн екенін айтты. Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров еліміздегі өте маңызды дүниенің барлығын халқымыз өзі шешуі керек деген пікір білдірді. Астанада мектептегі референдум учаскесі жұмысын Әнұранмен бастағаны туралы да жазғанбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы