17 Қараша 2026, 08:10 Фото: pixabay

Бүгін 11 қалада ауа сапасы нашарлауы мүмкін

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл адам денсаулығына кері әсерін тигізуі ықтимал.

17 қарашада Қазақстанның 11 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Мұндай жағдайлар атмосфералық ауада зиянды қоспалардың жиналуына ықпал етуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Семей, Атырау, Ақтөбе, Талдықорған, Алматы және Астана қалаларында күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың жиынтығы. Мұндай құбылыстар зиянды (ластаушы) заттардың атмосфераның жерге жақын қабатында жиналуына себеп болады.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл адам денсаулығына кері әсерін тигізуі ықтимал.

Ауа ластануының деңгейіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы. Атап айтқанда, желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура ескеріледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде қандай сақтық шараларын сақтау керек?

Мамандар тұрғындарға мынадай кеңестер береді:

  • Ашық ауада, әсіресе автожолдар мен өзге де ластану көздеріне жақын жерлерде болу уақытын қысқарту қажет. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.

  • Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.

  • Ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеген жөн. Дене шынықтыру және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысу ұсынылады.