14 Қазан 2026, 21:48 Фото: instagram.com/kazembassybud

Будапеште Қазақстан киносы күндері өтіп жатыр

Іс-шара шетелдік көрерменнің Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен заманауи кино өнері туралы танымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Венгрия астанасы Будапеште Қазақстан киносы күндері ұйымдастырылуда. Іс-шара аясында шетелдік көрерменге еліміздің тарихы, мәдениеті мен рухани құндылықтарын таныстыратын үш отандық фильм ұсынылады.

Киноп көрсетілімдері тарихи Uránia National Film Theatre кинотеатрында өтуде. Бағдарлама қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әміре» тарихи-өмірбаяндық фильмімен ашылды. Сонымен қатар көрермендер «Қайтадан» (Restart) картинасын тамашалады. Ал кино күндерінің қорытындысында ана махаббаты, отбасылық құндылықтар мен күрделі тарихи кезеңдегі адам тағдырын арқау еткен «Анаға апарар жол» драмасы көрсетіледі.

Іс-шараға дипломатиялық корпус, мемлекеттік және мәдениет мекемелерінің, кино саласының өкілдері, Венгриядағы қазақ диаспорасы мен осы елде білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әнел Бақытбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңызын атап өтті.

Көрсетілімге Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының атынан Гүлзат Шүренова-Калищук қатысты. «Әміре» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Санжар Мәди мен «Қайтадан» фильмінің продюсері Жалын Тілеубергенов көрермендерге туындыларының идеясы мен түсірілім барысы туралы айтып берді.

Қазақстан киносы күндері отандық кинематографияны халықаралық деңгейде танытуға, мәдени ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстан мен Венгрия арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған. Іс-шара шетелдік көрерменнің Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен заманауи кино өнері туралы танымын кеңейтуге мүмкіндік береді.