Будапешт саммиті болмайды: Трамп пен Путин кездесуін неге тоқтатты?
АҚШ пен Ресей президенттерінің арасындағы кезекті саммит жоспарланған мерзімде өтпейтін болды. Ақ үйдің ресми өкілі Дональд Трамптың Владимир Путинмен «жақын арада кездесу жоспары жоқ» екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Бұған дейін Трамп Украинадағы соғысты талқылау мақсатында екі апта ішінде Будапештте келіссөздер өтетінін жариялаған болатын. Алайда, келіссөздер дайындығы кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кездесуі де тоқтатылды – олардың тек телефон арқылы сөйлескені хабарланды.
Ақ үй келіссөздердің не себепті кейінге қалдырылғанын нақты түсіндірмеді. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, АҚШ пен Ресейдің бейбітшілік шартына қатысты ұстанымдары арасындағы алшақтық келіссөздердің тоқтауына түрткі болған.
Бұған дейін Трамп пен Путин тамыз айында Аляскада өткен кездесуінде Украина мәселесін талқылаған, бірақ ол саммит нақты нәтижесіз аяқталған еді.
Украина тарапы болса, кез келген келіссөз тек майдан шебін қатырудан басталуы мүмкін деп мәлімдеді. Зеленский Ресей бейбітшілікке «шын ниетті емес» деп есептейді.
Сонымен, Трамп пен Путин арасындағы екінші кездесу белгісіз мерзімге шегерілді, ал тараптар арасындағы саяси және әскери қайшылықтар бұрынғыдан да айқындала түсті.