10 Қараша 2026, 12:17 Фото: Алматы әкімдігі

Бұдан былай бірінші қабаттағы кафе мен мейрамханалар сот шешімімен жабылуы мүмкін

Тұрғын үйдің бірінші қабатындағы қоғамдық тамақтану орындарында заңбұзушылық анықталса, кәсіпкерлерге айыппұл салынып, талап орындалмаған жағдайда нысан сот арқылы жабылуы мүмкін.

Тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында орналасқан дәмхана, мейрамхана және басқа да қоғамдық тамақтану орындары өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаса, олардың жұмысы сот арқылы тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтан тұрғын үйлердің төменгі қабаттарында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарының өрт қауіпсіздігі қаншалықты бақылауда екенін сұрады. Себебі мұндай нысандардағы өрт тұрғындарға да қауіп төндіруі мүмкін.

Ведомство басшысының айтуынша, ТЖМ қызметкерлері тұрғын үйлерді аралау кезінде коммерциялық нысандарды да назардан тыс қалдырмайды. Мамандар кәсіпкерлермен профилактикалық әңгіме жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді. Сонымен қатар нысан басшыларымен бірлесіп, өрт кезіндегі іс-қимылға қатысты оқу-жаттығулар өткізіледі.

Министр тұрғындарға да қауіпсіздік талаптарының сақталуына бейжай қарамауға кеңес берді. Егер дәмхана немесе басқа да қоғамдық тамақтану орнында өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғанын байқаса, азаматтар өңірлік төтенше жағдайлар департаментіне шағым түсіре алады.

Оның сөзінше, түскен өтініштер негізінде мамандар нысанды тексеріп, заң талаптарына сәйкес шара қабылдайды.

Егер заңбұзушылықтар расталса, әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады. Сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жою мерзімі көрсетілген нұсқама беріледі. Белгіленген уақыт аяқталған соң, бұзушылықтардың жойылған-жойылмағанын анықтау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, – деп жауап берді Мұрат Мұханов.

Министр сондай-ақ егер нысан иелері анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса, оның қызметі сот шешімімен тоқтатылуы мүмкіндігін ескертті.