Бұдан былай суицид жасау тәсілдері туралы ақпарат таратуға тыйым салынбақ

Жылдан аса уақыт Парламенттің қос Палатасында талданып, сараланып, көпшіліктің талқысынан өткен Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заң жобасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс депутаты, ақын, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжанов Facebook-тегі парақшасында осы заңға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, заң жобасы ең әуелі Президенттің «БАҚ туралы» заңды қайта қарау жөніндегі тапсырмасы шеңберінде мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысы мен медиасфераның даму үрдісін ескере отырып дайындалды. 

Мәжілісте 110 адамнан құрылған жұмыс тобының жетекшісі ретінде БАҚ өкілдері, медиа сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерімен ортақ алаңда жұмыс тобының 57 отырысын өткізіп, заң жобасына көптеген өзгеріс пен толықтырулар енгіздік. Заңның аты ғана емес, заты өзгерді деп айтуға болады, - деді депутат.

Әшімжанов енгізілген өзгерістерге тоқталды. Ол мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, гранттық қаржыландыру жағы реттелетінін айтты.

Қысқаша тоқталып өтсек. Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, гранттық қаржыландыру жағы реттеледі. Балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарын қаржылай қолдауға басымдық берілді. Бұл өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының қаржылық тығырықтан шығуына септігін тигізіп, шығармашылық бәсекелесті күшейтуге ықпал етеді, - деді ол.

Депутат атап өткендей, БАҚ-та жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді. 

Өз кезегінде бұл жалған ақпарат таратуға тосқауыл қойып, ақпараттың шынайылығына деген талапты күшейтпек. Жай отындай жылдам ақпараттық кеңістікте мекемелерден БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді. Мәжіліс мінберінде депутаттық корпустың табандап тұрып талқылаған тақырыбы - мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін арттыру болды. Нәтижесінде мемлекеттік тілдің көлемін 50 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді. Тіпті, 2025 жылдан бастап 55 пайыз, 2027 жылдан бастап 60 пайызға жеткізу көзделмек, - деді Әшімжанов.

Сонымен қатар, отандық теле, радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле, радиоарналардағы көлемін 50 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жағы көзделмек.

Жанарбек Әшімжанов қоғамның дертіне айналған әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицид тақыбырына шектеу қойылатынын айтты. Ендігіде ақпарат айдынында суицид жасау тәсілдері және суицидке шақыру туралы ақпарат таратуға тыйым салынбақ.

Теле, радиоларда рухани кеңістігімізге шетелдік бағдарламалар арқылы сыналап еніп жатқан «вирустардың» алдын алу мақсатында отандық теле, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20-дан 10 пайызға дейін азайту белгіленді. Соңғы кездері журналистер қауымы түрлі деңгейде қауіп-қатерлеге тап болып жатқандығын көз көріп, құлақ естіп жүр. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында аталған заң жобасында журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді. Қорыта айтқанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған заң жобасында сала қызметінің мақсаттары, принциптері мен міндеттер нақты бекітілген, - деп түйіндеді мәжілісмен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жанарбек Әшімжанның facebook-тегі парақшасынан
Өзгелердің жаңалығы