Бұдан былай мемлекеттік басқару академиясында ақылы түрде оқуға болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл хабарлады.
Оның айтуынша, оқуға қабылдау мерзімі ұзартылған.
Құжаттар биыл 23 шілдеге дейін жүргізіледі. Үміткерлер мемлекеттік органның жолдамасын конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша ұсына алады. Магистратура бойынша білім беру бағдарламаларының саны 7-ден 10-ға дейін және докторантура бойынша 2-ден 3-ке дейін артты. Сондай-ақ Master of Public Administration бағдарламасына түсушілер үшін мемлекеттік қызметшілер санаттарының тізбесі кеңейтілді. Ағылшын тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификаттардың тізімі ұлғайтылды. Конкурстық іріктеу кезеңдері қайта қаралды, - деп атап өтті білім ордасының басшысы.
Сондай-ақ ол конкурстың қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларына үміткерлердің ұпай саны бойынша сараланған тізім жасалады деп отыр.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік органның келісімі бойынша жұмыс орнын сақтай отырып, академияда ақылы негізде оқуға мүмкіндік беретін келісімшарт түрі енгізілді. Магистратураға түсу үшін мемлекеттік қызметшілер үшін кемінде 2 жыл, докторантураға кемінде 3 жыл еңбек өтілінің болуы талап етіледі. Академияда оқуға түсу үшін дайындық курстары қарастырылған, олар сәуір айының басынан маусым айының соңына дейін жүргізіледі, - деді Ерлан Әбіл.
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекеттік басқару академиясында қанша адам білім алып жатқаны туралы жазған болатынбыз.