Бұдан былай банк картасын ұстаушылар тексеріледі

Қазақстанда төлем карталарын пайдалануға қатысты жаңа талаптар енгізіліп жатыр. Нақтырақ, банк карталарын ұстаушыларға бақылау күшейтіледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, енді бір банкте бестен көп карточкасы бар қазақстандықтар тәуекелі жоғары санатқа жатқызылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерде бес немесе одан да көп төлем картасы бар клиенттерге қатысты жаңа талаптар енгізгенін мәлімдеді. Мұның басты себебі – "дропперлік" карталарды қолдану арқылы жасалатын алаяқтықтың көбеюі. Дропперлік – бөтен адамдардың атына ашылған карталар арқылы заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыру.

Агенттіктің мәліметінше, Қазақстанда 6,2 мыңнан астам "дроп" карта анықталып, олар арқылы 24 млрд теңге заңсыз айналымға түскен. Халықаралық FATF стандарттарына сәйкес, мұндай схемалар – ақшаны жылыстатудың алғашқы белгілерінің бірі.

Банктер қандай шаралар қабылдайды?

Қабылданған жаңа ережелерге сәйкес, банктер клиенттің бір банк ішінде бес төлем картасынан артық ашуына шектеу қоя алады. Сонымен қатар, қаржы ұйымдары күмәнді операцияларды бақылау және жоғары тәуекелді клиенттерді анықтау шараларын күшейтеді.

Қандай операциялар күдікті деп саналады?

• Бір адамға бірнеше банк картасының рәсімделуі;
• Карталар арқылы ірі көлемдегі қаражаттың жиі қозғалысы;
• Заңсыз әрекеттерге қатысы болуы мүмкін тұлғаларға ақша аудару;
• Электрондық казино немесе күмәнді цифрлық активтер биржаларына төлемдер жасау.

Клиенттің шоты бұғатталуы мүмкін бе?

Егер банк клиенттің қаржылық операцияларынан күдік тудырарлық белгілер байқаса, оның шоттары уақытша тоқтатылуы мүмкін. Күдік расталған жағдайда, банк клиенттің шотын бұғаттап, құқық қорғау органдарына хабарлауға құқылы.

Клиент "жоғары тәуекелді" тұлға екенін қалай біледі?

Банктер тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес, клиенттерін тәуекел деңгейіне қарай бөледі. Бірақ клиентке "жоғары тәуекелді" мәртебесі берілгені туралы арнайы хабарланбайды. Егер клиент өзіне қатысты шектеулерді байқаса (мысалы, карталар ашуға, несие алуға шектеу қойылса), банкке ресми түрде жүгініп, қаржылық операцияларының заңдылығын дәлелдеуі қажет.

Бұл шаралар қаржы жүйесіндегі алаяқтық пен заңсыз ақша айналымын азайтуға бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - Архив
Өзгелердің жаңалығы