Бубновский: Жағдайыңды жасыңа қарап анықтайтын дәрігерден сақтан
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Адам тісін күніне екі рет жууды қалай әдетке айналдырса, омыртқасы мен буындарына күтіммен қарап, күн сайын жаттығу жасауды да әдетке айналдыру керек. Бұл туралы Астанада өткен «Омыртқа және буын» семинарында кинезитерапия – емдік дене шынықтыру жөніндегі жетекші маман Михаил Бубновский айтты.
Жол апаты. Мүгедектік. Дәрісіз ем
Михаил Бубновский – медицина ғылымдарының докторы, профессор, заманауи кинезитерапия мектебінің негізін қалаушы Сергей Бубновскийдің ұлы. Сергей Бубновский дене тәрбиесі институтын бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеп жүрген кезде жол апатына ұшыраған. Ауыр жарақат алған ол комаға түсіп, 22 жасында ІІ топ мүгедегі болып қалған және 27 жыл бойы балдақтың көмегімен жүрген.
Кейін ол дәрі-дәрмектердің көмегінсіз, емдік дене шынықтыру арқылы өз-өзін емдеп алған. Бүгінгі таңда доктор Бубновский орталығы Қазақстанның 23 қаласында бар.
«Әкем – Сергей Михайлович жол апатынан кейін омыртқасы зақымданып, мүгедек болып қалған. Дәрігерлер мүгедек болып қалғанына мойынсұну керек екенін айтқанда 22 жастағы өмірге құштар жігіт емделудің басқа жолдарын қарастырып, өз-өзіне тәжірибе жасай бастаған. Сөйтіп, ол кезде ешкімнің түсіне де кірмеген ерекше әдістерді ойлап тапқан. Ол өзінің алғашқы орталығын 1989 жылы Мәскеуде ашса, Қазақстанда Бубновский орталығы 2001 жылы ашылды», - дейді Михаил Бубновский.
BAQ.KZ: Бубновский орталығы қандай дерт түрлерін емдейді?
Омыртқа, буын аурулары дәрімен емделмейді
BAQ.KZ: Бубновский орталығы дәрі-дәрмекпен емдеуге түбегейлі қарсы ма?
Михаил Бубновский: Жоқ. Кез келген дәрі зиян дегеннен аулақпыз. Өкінішке қарай, кейбір адамдар дәрігерге дерті өте асқынып кеткен кезде барады. Ондай кезде қолдан келген емнің барлық түрін қолдануға тура келеді. Бірақ, дәл осы омыртқа мен буын ауруларына ешқандай дәрі көмектеспейді. Мұны өз басынан өткізген адамдар ғана жақсы түсінеді. Дәрі-дәрмек, ине егу уақытша ғана көмектесіп, ауырсынуды уақытша ғана басады. Уақыт өте келе ол дерт қайтып «оралады» және жай ғана оралмайды, асқынған түрде қайталанады.
BAQ.KZ: Емделушілердің көбі дерт асқынуының қандай сатысында келеді?
Михаил Бубновский: Науқастың емделуге шешім қабылдауының басты себебі – дертінен арылу емес. Көптеген адам ауырып жүргенін байқамай қалады. Одан кейін ауырғанын сезсе де, мән бермейді. Кейін ауырса да шыдап жүре берсе, тіпті шыдамаған жағдайда дәрі-дәрмектің көмегімен ауырсынғанын уақытша басып тастайды. Кейін дәрі-дәрмек те көмектеспей, жиі ауыра бастайды. Сол кезде науқас отбасына көңіл бөле алмай қалғанын, жұмысқа барып-келуі қиынға соғып жүргенін түсінеді. Демек, дәрігерге қай кезде барады? Өмір сапасы төмендеп, еңбекке қабілетті болудан қалғанын түсінген кезде барады. Ең үлкен қателік – осы.
Науқас қашан өлетінін күтіп жата беруі керек пе?
BAQ.KZ: Омыртқа, буын ауруымен келген науқасқа дәрігер қандай кеңес беруден аулақ болуы керек?
Михаил Бубновский: Дәрігерлердің бәрі емес, бірақ дәл мынадай кеңес беретіндері болады: «бұдан былай ауыр көтеруге болмайды», «тоңып қалмауға тырысыңыз», «секіруге болмайды», «жүгіруге болмайды», «суда жүзуге болмайды», «қозғалуға болмайды». Сонда науқас жүрмей, тұрмай, отырмай, қозғалыссыз күйде қашан өлетінін күтіп жата беруі керек пе? Біздің міндет – балаңызбен бірге серуендеуге, бұрынғыдай шаңғы тебуге, еш кедергісіз табиғат аясында жүруге мүмкіндік жасау, яғни еңбекке қабілеттілікті қалыпқа келтіру емес пе? Әрине, қозғалуға тыйым салынатын жағдайлар бар екенін жоққа шығармаймын. Мысалы, қатерлі ісік, көп қан кету, жүректің жіті жетіспеушілігі, жіті гастрит сияқты ішкі органдарда асқынып тұрған ауру түрлері болса ғана жоғарыдағы кеңестерді қолдануға болады.
BAQ.KZ: Ауыр зат көтеру омыртқаға қаншалықты зиян?
Михаил Бубновский: «Үш келіден артық көтеруге болмайды» деп кеңес беретін дәрігерлер бар. Сонда Сіз дүкенге барып үш келі картоп, сәбіз аласыз да үйіңізге барасыз. Одан кейін қайтадан дүкенге барып, үш келі ет аласыз. Дүкенге үшінші мәрте барып үш келі сарымсақ пен күріш аласыз. Шын мәнінде бұл ақылға қонымсыз кеңес. Неге дейсіз ғой? Мысалы, жолда келе жатып бір литрлік суды жерге құлатып алдыңыз. Сіз оны жерден көтеріп алдыңыз. Сіз қанша келі салмақты көтеріп алдыңыз? 1 литр ғана суды ма? Жоқ, әрине! Мысалы, Сіздің салмағыңыз 60 келі болса, жерге еңкейген кезде 1 литр су мен денеңіздің белден жоғары жағындағы салмақты көтерген болып саналасыз. Аяғыңыз 20 келі деп есептесек, еңкейген кезде 1 литр судан бөлек дене массаңыздың 40 келісін көтердіңіз. Демек, кез келген адам күн сайын көтеретін салмақ – өзінің денесінің салмағы. Бұл жерде салмағыңыз ауыр немесе жеңіл екендігі ешқандай рөл атқармайды. Ең бастысы – бұлшықетіңіздің мықты болуы. Ол мықты болмаса – тез шаршап қалатын боласыз.
Ғұмыр жасың ұзарғаннан не пайда?
BAQ.KZ: Қандай жаттығу түрлері нәтижелірек болады?
Михаил Бубновский: Жаттығу туралы әртүрлі қате пікірлер бар. Мысалы, Сіз «Дәл осы жаттығу түрлері маған жарай ма?» деп ойлайсыз. Демек, Сіз онсыз да көп қозғалатын шығарсыз? Ең басты ереже: дұрыс қозғалыс – емдейді, дұрыс емес қозғалыс – мүгедек етеді. Күнде велосипедпен жүрсеңіз, үй салып жатқан болсаңыз, күнде суда жүзсеңіз – шынымен көп қозғаласыз, бірақ бұл қозғалыс профилактикалық жаттығу болып саналмайды. Кез келген жаттығу түрі омыртқа, буындардың жағдайын жақсартпайтынын ескеру керек. Мысалы, буындарыңыз ауырып жүрген кезде велосипед тепсеңіз – ол жағдайыңыздың нашарлауына себеп болады. Теннис, хоккей ойнаған екі қолдың бірі көбірек, екіншісі азырақ жұмыс істейді. Бұл олқылықтардың орнын толтырып, барлық буын, бұлшықет дұрыс жұмыс істеуі үшін арнайы жаттығу түрлерін жасау керек. Профилактикалық жаттығу – омыртқа, буындардың жағдайын жақсартатын жаттығулар жиынтығы.
Кейбір дәрігер алдына келген науқасқа «Таң қалатын несі бар? Жасыңыз елуден асты ғой» деп айтады. Дәрігер Сіздің денсаулық жағдайыңызды биологиялық жасыңызбен есептесе – үлкен қателік. «Дәрігер, мен өмір сүрем бе?» деп сұрайтын науқастар да бар. Мәселе қанша жас өмір сүруде емес, өміріңізді қалай өткізуде емес пе? Дәрі-дәрмек көмегімен ғұмыр жасыңызды ұзартты делік, бірақ сіз төсек тартып жатсаңыз – өмір жасыңыздың ұзарғанынан не пайда?
«Ақша төле, күт, сауығып кет»
BAQ.KZ: Омыртқа мен буындарға қалай күтім жасау керек?
Михаил Бубновский: Көбіміз омыртқа, буындарымызға күтім жасаймыз деп ойлаймыз. «Мен көп қозғалам» немесе «Мен арақ ішпеймін, темекі шекпеймін» деп айтатындар бар. Бұл әрекеттер өмірді ұзартуға бағытталған әрекеттер емес, бұл әрекеттер – өміріңді қысқартпауға арналған әрекеттер. Мен үшін «Арақ ішпеймін, темекі шекпеймін» деген сөз «Мен басымды балғамен ұрмаймын» дегендей естіледі. Кейбір адамнан «Омыртқаңыз бен буындарыңызға қалай күтім жасайсыз?» деп сұрасам, «Оған күтім жасау керек пе? Бұл туралы ойлап көрмеппін. Маған ешкім ештеңе айтпаған» деп жауап береді. Бұл өте өкінішті жағдай.
BAQ.KZ: Бубновский орталығы ұсынатын жаттығу түрлерінің ерекшелігі неде?
Михаил Бубновский: Заманауи медицина «Ақша төле, күт және сауығып кетесің» қағидасын ұстанады. Яғни, басыңыз ауырғанда дәрі сатып аласыз да, ішесіз. Күтесіз және басыңыздың ауырғаны басылғанын байқайсыз. Ал Бубновский әдісі бойынша емделетін адам тек өзіне сенуі керек, себебі біз сіздер үшін жаттығу жасап бермейміз. Сізге жаттығу жасауды үйретеміз және тұрақты түрде жасап тұруға «мәжбүр» етеміз. Бубновский әдісі – реабилитациялық құрылғылармен жаттығу жасататын арнайы жүйе. Бұл жүрелеп отырып-тұру, қолды жоғары-төмен көтеріп-түсіру немесе секіру сияқты қарапайым жаттығу түрлері емес. Бұл жаттығу түрлерін жасаған кезде өзіңіздің жалқаулығыңызды жеңіп, ерік-жігерлі болуыңыз керек. Тіс дәрігері тісті күніне екі рет тазалап тұру керек екенін айтса қарсы шықпайсыз ғой. Сол сияқты күн сайын жаттығу жасап тұруды да әдетке айналдыру керек.
BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!
Зарина Әбілмәжінова
Фото: автор