Бублик Роттердам турнирінде ұтылып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланды) ATP 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бублик алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш мәрте чемпионы, қазір рейтингте 95-орында тұрған ұлыбританиялық Энди Марреймен шеберлік байқасты. Ұлыбританиялық теннисші тартысты матчта 7:6 (8:6), 6:4 есебімен жеңіске жетті. 

А.Бублик 1 сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында 10 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Маррей 10 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті. Э.Маррей ширек финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен таласады. 

А.Бублик өткен аптада финалда әлемнің 3-ракеткасы, германиялық Александр Зверевті ұтып, Монпелье ATP турнирінің жеңімпазы атанған еді. Бұл жолы жүлде қоры 1,2 млн еуродан асатын Роттердам жарысының алғашқы айналымынан аса алмады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Роттердам турнирінің ширек финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның Санкт-Петербург жарысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы