ҰБТ. Тыйым салынған заттар анықталса, талапкер емтиханға кіргізілмейді – Дидар Смағұлов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов ҰБТ өткізу ережесіне енгізілген жаңа өзгеріс туралы айтып берді.

Осы жылдан бастап ҰБТ ережесін қатаңдаттық. Егер өткізу пунктіне кіргізу барысында тестіленушіден тыйым салынған заттар анықталса, яғни смартфон, шпаргалка, онда сол тестіленушіге емтихан жалғаспайды. Емтиханға кіргізбейміз. Нәтижесі болмайды. Яғни, тестіленуші осы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Бұл жаңа ереженің ерекшелігі. Ережеде көрсетілген. Сондай-ақ, осы жылдың 25 тамызына дейін барлық бейнежазбаны қарап, талдау жасаймыз. Талдау нәтижесінде ережені бұзған фактілер анықталған жағдайда, біз ҰБТ нәтижесі мен грант беру нәтижесін жоюға мүмкіндік алдық. Сондықтан барлық тестіленушіден тек қана өз біліміне сүйене отырып, ешқандай тыйым салынған заттар әкелмеуін сұраймыз. Жалпы сәттілік тілейміз. Жоғары балға жете беріңдер, - деді ол.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес калькулятор қолдануға рұқсат етілді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес, осы жылы әр тестіленушіге калькулятор қолдануға мүмкіндік береміз. Бірақ назар аударуларыңызды сұраймыз! Калькулятор тыйым салынған затқа жатады. Өзіңізбен бірге оны алып кірмейсіз. Барлық калькуляторды тестілеу орталығы өзі ұйымдастырады. Барлық тестіленушіге қандай пән тапсырғанына қарамастан, үстелдің үстінде тиісті қарапайым калькулятор болады. Оны пайдалануға болады. Жалпы барлық сұрақты талдадық. Тек калькулятор бала теорема, заң, формуланы білмесе, оған калькулятор көмектеспейді. Калькулятор жәй ғана "ойыншық" болып қалады. Ал егер формуланы білсе, физиканың есептерінің шешілу жолын білсе, калькуляторды пайдаланып, уақытты үнемдейді, - деді Дидар Смағұлов.

Сондай-ақ, осы жылы ҰБТ-ға қосымша 10 минут қосылған. Яғни, 3 сағат 50 минут емес, 4 сағатқа дейін жалғасады. Берілген 10 минут санитарлық шараларды жүргізуге бөлінген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы