ҰБТ. Алғашқы нәтижелер: 39 бала 130 балдан жоғары алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг кезінде  ҰБТ-2020 бірінші күнінің қорытындылары жөнінде айтып берді.

ҚР БҒМ Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережелеріне сәйкес, 20 маусым мен 5 шілде аралығында елімізде ҰБТ өткізілуде. Жалпы, маусым айындағы тестілеуге қатысуға 131 754 өтініш келіп түсті. 21 маусым күні ҰБТ еліміздің 15 өңірінде басталып, 161 пункттің 51-де өткізілді. Оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. ҰБТ-ның алғашқы күнінде барлығы 6512 түлек тестілеуге қатысуы керек болған еді. Алайда, тестілеуге 6186 тест тапсырушы (95%) келді, - деді ол.

Наужан Дидарбекова 2020 жылғы жаңашылдықтардың бірі – ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар табылған жағдайда тест тапсырушының тестілеуге жіберілмеуі екенін еске салды.
21 маусым күні республика бойынша 73 тест тапсырушы ҰБТ-ға жіберілмеді. Сонымен қатар, 91 түлек ҰБТ өткізу ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Яғни, тәртіп бұзған барлық тест тапсырушының саны – 164. Сәйкесінше, олардың нәтижелері жойылып, ағымдағы жылы тестілеуге қатысу мүмкіндігінен айырылып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш барлық тестілеу мерзімінде 24-ті құраған болатын. Жалпы, ҰБТ-ның сапалы және объективті өткізілуі мақсатында ел өңірлеріне 2500 министрлік өкілі жіберілді. Оның ішінде 518 арнайы мониторинг өкілі, сонымен қатар, білім сапасын қамтамасыз ету департаменттерінің жергілікті өкілдері де қатысып отыр, - деді ол.

Наужан Дидарбекованың айтуынша, ҰБТ-ның бірінші күнінің қорытындысына сәйкес, шекті балл жинағандар саны – 4222 (68,3%). Шекті балл жинай алмағандар – 1964 (31,7%).
Жалпы, 130 баллдан жоғары жинағандар саны – 39. Қазіргі таңда, апелляцияға өтініштер қабылданып жатыр. Жергілікті апелляциялық комиссия өтініштерді қанағаттандырған жағдайда, нақты шешімді қабылдау үшін республикалық апелляциялық комиссияға жолданатын болады. Оның нәтижесі бүгін күн соңына дейін беріледі. ҰБТ-ның соңғы нәтижелері тамыз айында нақтыланады. Өйткені, ағымдағы жылы норма енгізілді. Сол нормаға сәйкес, ҰБТ орталығы 25 тамызға дейін тестілеу барысындағы барлық бейнежазбаларға талдау жүргізеді. Егер тестілеу барысында тест тапсырушының тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталатын болса, оның нәтижелері жойылады. Сәйкесінше егер ол мемлекеттік білім беру грантының иегері болатын болса, онда гранттың нәтижесі де жойылуы мүмкін, - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы