ҰБТ-2020. Жоғары температурасы бар 2 түлек тестілеуге жіберілмеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг кезінде ҰБТ-2020 барысындағы санитарлық қағидаттар жайында айтып берді.
Биыл еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, ҰБТ кезінде қатаң шараларды ұстану жүзеге асырылды. 21 маусымдағы тестілеу кезінде жоғары температурасы бар 2 тест тапсырушы тестілеуге жіберілмеді. Оларға басқа күндері және бөлек аудиторияда тапсыру мүмкіндігі ұйымдастырылатын болады, - деді ол.
Наужан Дидарбекова карантин шараларын сақтауға байланысты биыл тест тапсыру пункттерінде адамдардың жаппай жиналуына тыйым салынғанын еске салды.
Бұл ережелерді елемеу біздің түлектер үшін қосымша тәуекел екенін түсіну керек. Сондықтан ата-аналардан алдын ала түсіністік танытып, ҰБТ өткізу пунктіне келмеуін сұраймыз. Жалпы, ғимарат аумағын құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоршап, тиісті тәртіпті қамтамасыз ететін болады, - деді ол.
Наужан Дидарбекованың айтуынша, қазіргі уақытта еліміз бойынша бүгінгі күнге тест тапсыруға 10 007 түлек өтініш берген. Олардың барлығы қазір еліміздің 17 өңіріндегі 77 ҰБТ өткізу пунктінде тестілеуден өтуде. 9 пункт қалалық жерде, 68 пункт ауылдық жерлерде орналасқан.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
UFC: Мария Агапованың екінші қарсыласы анықталды
Өзгелердің жаңалығы