ҰБТ-2019: Білім министрлігі төмен және орташа ұпай туралы ақпарат бермейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев ҰБТ нәтижелері мектептер мен өңірлердің рейтингілеріне еш қатысы болмауы тиіс деп мәлімдеді.
«Биылдан бастап өңір бойынша, мектеп бойынша жалпы орташа, жоғары, ең төменгі және шектік балл санамаймыз. Біріншіден, осындай ақпаратты пайдалана отырып әкімдіктер рейтингтілерінде осындай орташа балл санай бастайды. Мұның алдын алу үшін біз осындай ақпаратты биылдан бастап санамаймыз», - деді Тойбаев.
Департамент директоры ҰБТ алғашқы күні бойынша бір бала ең жоғарғы балл – 137 жинағанын, алайда орташа балл мен төмені балл, тәртіп бұзушылықтар санын айтпайтынын жеткізді. Ал шекті деңгейден өте алмаған 3434 қатысушы тамыз айында қайта тапсыра алады. Бұл көрсеткіш былтырғы деңгеймен бірдей. Алайда олар білім гранты конкурсына қатыспай, тек ақылы түрде оқуға түседі.
Ол биылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізілетінін, қаңтар және наурыз айлары арасында өткізілген тестілеуге 115 мың бала қатысқанын айтты.
«Қазіргі уақытта қатысып отырған балалардың 75% жуығы өткен ақылы тестілеулерге қатысты. Олардың маусымда өткізіліп отырған тестілеуге дайындығы көбірек. Былтырдан бастап сұрақтарды жаңарттық. ҰБТ сұрақтары функционалдық сауаттылыққа, белгілі бір логикалық сұрақтарға арналған. Олар жаттанды сұрақтар емес. Жыл бойы сұрақтарды жаттау ешқандай нәтиже әкелмейді», - деді ол.