15 Шілде 2026, 04:27 Фото: report.az

Брюссельде салынып жатқан ғимарат өртеніп, бірнеше адам қаза тапты

Жергілікті БАҚ мәліметінше, өрт салдарынан екі адам ауыр күйік алып ауруханаға жеткізілді.

Бельгия астанасы Брюссельдің орталығында салынып жатқан Oxy Tower ғимаратында болған өрт салдарынан бірнеше адам қаза тапты. Жергілікті биліктің мәліметінше, кемінде алты адам із-түзсіз жоғалған.

ВВС-дің хабарлауынша, өрт қысқа уақытта сөндірілгенімен, жалын лифт шахталарына тараған. Құтқарушылар шахтада тұрып қалған екі лифтінің бірін ашып, ішінен бірнеше адамның мәйітін тапқан. Брюссель еңбек прокуратурасының өкілі Брехт Спейбрук қаза болғандардың нақты саны әзірге анықталып жатқанын айтты.

Оның сөзінше, табылған мәйіттер іздеуде болған алты адамның болуы мүмкін. Алайда екінші лифт пен ғимараттың басқа бөліктерінде де адамдар болуы ықтимал. Үйінділердің көптігі құтқару жұмыстарын қиындатып, мәйіттерді шығару бірнеше сағатқа созылады.

Оқиға орнына Бельгия премьер-министрі Барт Де Вевер мен король Филипп келді. Брюссель мэрі Филипп Клоз төтенше жағдай қызметкерлерінің кәсіби еңбегіне алғыс білдірді.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, өрт салдарынан екі адам ауыр күйік алып ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ жоғары температураның әсерінен бір өрт сөндірушіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.

Oxy Tower – Брюссельдің тарихи Гран-Плас алаңынан шамамен 500 метр жерде салынып жатқан көпфункционалды кешен. Болашақта онда тұрғын пәтерлер, қонақүй, мейрамханалар мен барлар орналасуы жоспарланған.