Брюссельде Қазақстан мен Латвия көлік министрлерінің кездесуі өтті
Global Gateway көлік қатынасы жөніндегі инвестициялық форум аясында Брюссельде Қазақстан мен Латвия Республикасының Көлік министрлері Марат Қарабаев пен Каспарс Бришкенстің екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараптар көлік және өңірлік байланыс жөніндегі бірлескен жұмыс тобының рөлінің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ азаматтық авиация және автокөлік саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Сонымен қатар министрлер Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша меморандум жасасу туралы сөйлесті.
ҚР Көлік министрлігінің басшысы латвиялық инвесторларды инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырды.
Жақын арада қазақстандық көлік компаниялары мен бизнес құрылымдарының қатысуымен мен бастаған делегацияның Балтық елдеріне жұмыс сапары күтілуде, бұл біздің көлік саласындағы қарым - қатынасымызды нығайтатынына сенімдімін, - деді М.Қарабаев.
Каспарс Бришкенс Қазақстан мен Латвия арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға қызығушылық білдіріп, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында Марат Қарабаев Каспарс Бришкенс пен Латвиядан келген делегацияны осы жылдың 19-21 маусымында Астана қаласында жоспарланған New Silkway форумына шақырды. Іс-шара Көлік және логистика саласындағы халықаралық деңгейдегі әріптестікті кеңейтуге бағытталған.