Брюссельде Қазақстан апталығы басталды
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Брюссельге жұмыс сапары барысында Еуропалық Комиссия ұйымдастыратын жыл сайынғы шикізат апталығы іс-шарасына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шара барысында Қазақстан Еуропалық Одақтың маңызды шикізат материалдарысаласындағы стратегиялық серіктесі ретінде қатысады.
2022 жылғы қараша айында қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы шикізаттың, аккумуляторлық батареялардың және жасыл сутектің орнықты құнын құру тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы Меморандум тұрақты пайдалы қазбалар жөніндегі Қазақстан-Еуропа қатынастарының жаңа тарауын ашты.
Іс-шара шеңберінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ төмен көміртекті энергетикаға көшуде, сондай-ақ әртүрлі секторларда, оның ішінде жаңартылатын энергетика, цифрлық технологиялар және денсаулық сақтау салаларында аса маңызды шикізат материалдары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ниетін растады. Бұлтуралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаев пен Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті М.Шефчовичтің келіссөздері барысында айтылды.
Сондай-ақ Қ.Шарлапаев Еуропаның «HMS Bergbau», «Metso», «Becker Mining», «FLSmidth», «InfraVia Capital Partners» және т.б. компанияларымен жеке кездесулер өткізді.
«Шикізат апталығы» аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі және Еуропалық комиссияның Атқарушы вице-президентініңқатысуымен «ҚР-ЕО стратегиялық ынтымақтастығы» тақырыбында бизнес-форум ұйымдастырылды.
Оның барысында қатысушылар маңызды шикізат саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылап, қазақстандық және еуропалық компаниялардың өкілдері өз жобалары мен қызметтерін таныстырды, сондай-ақ Қазақстандық «Жезқазғанредмет» АҚ және Еуропалық «SGS Netherlands» арасында технологиялық ынтымақтастық және «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ мен «Xcalibur Multiphysics Group S.L.» арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарғақол қойылды.
Сондай-ақ B2B кездесулері өтті, кездесу барысында ҚР мен ЕО кәсіпкерлері ынтымақтастық перспективалары мен нақты жобалық ұсыныстарды талқылай алды.
Бұл ретте ҚР мен ЕО мемлекеттік органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арнайы G2G кездесуін өткізді, оның барысында жоғарыда аталған Меморандумды іске асыру шеңберінде «Жол картасын» іске асыру барысы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, ЕО-ға мүше елдердің, атап айтқанда, Германия, Франция, Финляндия, Италия, Швеция өкілдері екіжақты ынтымақтастықтың келешегі туралы баяндамалар жасады.
Сапар аясында Министр Қ. Шарлапаев «ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайту-сауда мен аса маңызды шикізатты жеткізу қандай рөл атқарады?», тақырыбындағы конференцияға қатысты.«EurActiv» жетекші Еуропалық ақпарат агенттігінің алаңында Еуропалық Парламент депутаттары мен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен өткізілді.
Аталған іс-шаралар ҚазақстанныңБельгиядағы Елшілігі мен Еуропалық комиссияның көмегімен ұйымдастырылды.
Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады, оның жалпы тауар айналымы 2022 жылы 40 миллиард АҚШ долларды құрады. 2022 жылы ЕО елдерінің Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициясының көлемі 12,5 млрд АҚШ долларын құрады. Негізгі инвестиция Нидерланды, Бельгия, Франция, Кипр, Люксембург және Германия сияқты Еуропа елдерінің компанияларынан келді.
Қазақстан пайдалы қазбалардың едәуір қорларына ие, олардың көпшілігі бойынша әлемдегі жетекші жеткізушілердің бірі болып табылады, сондай-ақ ЕО үшін аса маңызды болып саналатын 34 пайдалы қазбаның жартысына жуығын өндіруге мүмкіндігі бар. Қазақстан қазірдің өзінде АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, ЕО-ға мүше елдер мен Ұлыбританияға экспортталатын осындай материалдардың 19 түрін өндіреді және өңдейді.