Брюссель әуежайында рейстердің басым бөлігі тоқтатылады: әуе диспетчерлері ереуілге шыққалы жатыр
23 қарашада Бельгияда өтетін жалпыхалықтық наразылық акциясына байланысты Брюссель әуежайында жаппай әуе рейстерінің кешігуі мен тоқтатылуы күтіледі.
Дүйсенбі, 23 қарашада Брюссель әуежайындағы рейстердің басым бөлігі тоқтатылуы мүмкін. Бұған Бельгияның әуе диспетчерлерінің федералды үкімет қабылдаған үнемдеу шараларына қарсы жалпыхалықтық наразылық акциясына қосылуы себеп болмақ.
Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, әуежай әкімшілігі Бельгияның әуе қозғалысын басқару операторы Skeyes диспетчерлік қызмет жұмысына шектеулер енгізілетінін ескерткенін мәлімдеген. Осыған байланысты 23 қарашада әуе қатынасында елеулі іркілістер болуы мүмкін.
Компанияның мәлімдеуінше, жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін (Гринвич уақыты бойынша 00:00-ден 20:00-ге дейін) Бельгия әуежайларында және өз жауапкершілігіндегі әуе кеңістігінде әуе қозғалысын қалыпты деңгейде басқара алмайды.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, ереуіл туралы ақпараттың кеш жариялануы әуе компаниялары, әуежайлар мен басқа да қызмет көрсетуші серіктестердің шектеулерге дайындалуын қиындатады. Соның салдарынан жолаушыларға келетін қолайсыздықты барынша азайту да оңай болмайды.
Наразылық акциясына Бельгияның үш ірі кәсіподағы бастамашы болған. Олар 23 қарашада Брюссельде ел билігі қабылдаған үнемдеу шараларына қарсы жалпыхалықтық шеру өткізуге шақырған.