«Британиялық штамда» өлім-жітім қаупі жоғары – Манар Смағұл
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинация: ең өзекті сұрақтарға жауаптар» тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының м.а. Манар Смағұл айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 2021 жылғы 26 наурыздағы SARS-CoV-2 вирусының «британиялық штамы» әлемнің 125 елінде, «оңтүстікафрикалық штамм» 75 елінде, «бразилиялық штамм» 41 елінде анықталды. Яғни бір апта ішінде «британиялық штамм» әлемнің тағы 7 елінде анықталды. Вирустың мутация ықтималдығы адамдардың жұқтыру жиілігінің жоғарылауымен артады.
Коронавирустың жаңа штамдары мен бастапқы штамның белгілері бірдей, яғни, вирустың бұл түрін жұқтырғанда да қызба, жөтел және дәм мен иіс сезу мүмкіндігі жоғалады. Ұлыбритания мамандарының айтуынша, коронавирустың жаңа «британиялық штамы» жөтел, қатты шаршау, бұлшықеттегі әлсіздік сияқты белгілермен сипатталады, бірақ иіс сезу аз байқалады, - деді ол.
Манар Асырқызының айтуынша, ДДСҰ мәліметтеріне сәйкес, жаңа штамдар бұрынғыға қарағанда 41%-ға жоғары репродуктивті болып келеді. Яғни вирустың бұл түрінде адамдарға барынша вирус жұқтыру қабілеті, сондай-ақ «басқа айналымдағы штамдарды тез алмастыру қабілеті» жоғары екені байқалған. «Британиялық штамда» ауруханаға жатқызу, ауыр ағым және өлім-жітім қаупі жоғары екені анықталып отыр.
Сол себепті вирустың таралуына тосқауыл қою үшін қажетті шаралардың барлығын қолдану керек. Оның ішінде вакцинация да бар. Бүгінде республикада COVID-19-ға қарсы вакцинация қолжетімді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бірінші сәуірден бастап вакцинациялауға жататын контингент көбейеді. Өйткені айдың басында қосымша 150 мың доза және бір айдың ішінде шамамен 1 млн доза жеткізу жоспарлануда, - деді ол.
Сарапшының айтуынша, вакцина тапшылығы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Денсаулық сақтау министрлігі жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін барлық шараны қабылдауда. Мысалы, Ресей Федерациясында қол жетімді мәліметтер бойынша «Спутник» вакцинасының екі компонентімен халықтың 1,9% қамтылған.
Бұған дейін ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева Алматыда коронавирустың «оңтүстікафрикалық» және «британиялық» штамдары тіркелгенін мәлімдеген болатын.