Британиялық ірі компания банкротқа ұшырап, туристер "далада қалды"

Алматы, BAQ.KZ. Британдық Thomas Cook туристік компаниясы банкротқа ұшырауына байланысты жүздеген мың турист ыңғайсыз жағдайда қалған, деп хабарлады Associated Press.

Агентіктің мәліметінше, туроператордың 50 клиенті Грециядан шыға алмай қалған, тағы 30 мыңы Канар аралдарында. Сонымен қатар, Түркияда 21 мың клиенті демалып жатса, Кипрде 15 мыңдай адамы жүр. Өзге елдің курортында да мыңдаған адам демалып жатыр, оның ішінде Куба мен Мексикаға да осы туроператормен кеткендер көп.

Туристік компанияның банкротқа ұшырауына байланысты туристер көптеген проблемаға тап болған, әсіресе әуе рейстері өзгерген. Ал қонақүй иелері туристер үшін ақша ала алмай қаламыз ба деп алаңдаулы.

Британ үкіметі орын алған жағдайды назардан тыс қалдырмайтынын айтып, 150 мыңдай азаматтың елге оралуына қол ұшын созатындарын хабарлады. 

Алайда ел үкіметі азаматтардың елге оралуы біраз уақытты күттіруі мүмкін екенін ескерткен. Британдық БАҚ-тың мәліметінше, Гатвик әуежайына Хорватиядан туристердің алғашқы легі жеткізілген. 

Сонымен қатар, турды алдын ала брондап қойған Thomas Cook туроператорының 1 млн-ға жуық клиентінің туры жарамсыз болып қалған. Оның басым көпшілігі - желтоқсан айындағы рождество мейрамына орай алған тау турлары. Алайда клиенттердің көпшілігі туристік сақтандыру арқылы өтемақы ала алатыны хабарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы