17 Қараша 2026, 20:47 Фото: BILD_Russian

Британдық балықшылар салмағы 338 келі болатын тунец балығын аулады

Британдық Dominator A балық аулау кемесінің экипажы Йоркшир жағалауынан ұзындығы 2,8 метр, салмағы 338 келі болатын көкқанатты тунец балығын аулады. Yorkshire Post газетінің мәліметінше, бес балықшы алып балықты кемеге көтеру үшін 1 сағат 50 минут жұмсаған.

Фото: BILD_Russian

Экипаж құрамында Уитби қаласындағы балық аулау мектебінде білім алып жүрген 18 жастағы Ада Пик те болған. Оның айтуынша, бұған дейін мұндай алып балықтар туралы тек әңгімелерден естіген. Уитби жағалауында көкқанатты тунец қармақпен соңғы рет 1939 жылы ауланған.

1930 жылдары бұл балықтар әлемнің түкпір-түкпірінен балықшыларды Йоркшир жағалауына тартқан. Алайда кейіннен көкқанатты тунец Солтүстік теңізде іс жүзінде жойылып кеткен. Бұған негізгі себептердің бірі – олардың қорегі саналатын майшабақтарды шамадан тыс аулау болған.

Ғалымдар тунецтердің қайта оралуын майшабақ популяциясының қалпына келуімен және балық аулауға енгізілген халықаралық шектеулермен байланыстырады.

2026 жылы Ұлыбританияда көкқанатты тунецті арнайы аулауға тек 30 кемеге ғана рұқсат берілген.