Бүгiн 2026, 03:20 Фото: Ұлыбритания королі III Карл / The Royal Family-дің Facebook-тегі ресми парақшасынан

Британ радиосы тірі корольді "қайтыс болды" деп хабарлап жіберді

Радио бұған компьютерлік қате себеп болғанын мәлімдеді.

Англияның оңтүстігі мен елдің орталық бөлігінде хабар тарататын Radio Caroline радиостанциясы қателесіп Ұлыбритания королі III Карлдың қайтыс болғанын хабарлап, кейін "Құдай корольді сақтасын" әнұранын қосқан.

Оқиға 19 мамыр күні болған. Күндіз радиостанция эфирі кенеттен үзіліп, монархтың қайтыс болғаны туралы хабарлама берілген. Осыдан кейін эфир 15 минутқа тоқтап қалған.

Радиостанция басшылығы туындаған түсініспеушілік үшін кешірім сұрады.

Бас студиямыздағы компьютерлік қате салдарынан сейсенбі күні түстен кейін барлық британдық радиостанциялар қажет болмайды деп үміттеніп сақтап қоятын “Монархтың өлімі” бағдарламасы кездейсоқ іске қосылып кетті. Соның салдарынан мәртебелі корольдің қайтыс болғаны туралы қате хабар тарады, – деп түсіндірді радиостанция директоры Питер Мур.

Ол III Карлдан және тыңдармандардан кешірім сұрап, радио ұжымы оның мәртебелісінің Рождестволық құттықтауларын әлі талай жыл эфирден береді деп үміттенетінін айтты.

77 жастағы монарх қазір Солтүстік Ирландияда сапармен жүр.

2024 жылдың ақпан айында Букингем сарайы Ұлыбритания королі III Карлдан қатерлі ісік анықталғанын хабарлаған еді. Сол кезде монарх ем қабылдап жатқанына қарамастан мемлекеттік істер мен ресми құжаттармен жұмысын жалғастырып жатқаны айтылған.