Brent мұнайының бағасы 82 доллардан асты
Әлемдік мұнай бағасы шамамен үш пайызға өсті. Brent маркалы мұнайдың 1 баррель құны 2024 жылдың тамыз айынан бері алғаш рет 82 доллардан асты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Лондондағы ICE биржасында Brent мұнайының наурыз айындағы фьючерстік келісімшарттарының құны 82,29 долларға жетіп, 2,96 пайызға өсті. Бұған дейін күндізгі сауда барысында ең жоғары баға 82,59 доллар болды.
WTI маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 3,76 пайызға өсіп, барреліне 80,42 долларға жетті. Сауда барысында ең жоғары көрсеткіш 80,74 доллар болды.
Бұған дейін сарапшылар мұнай бағасының өсуін Ресейге қарсы санкциялардың күшеюіне байланысты жеткізілімдердің үзілу қаупімен түсіндірген еді. Санкциялық тізімге Ресейдің ең ірі төрт мұнай өндірушісінің екеуі (“Газпромнефть” және “Сургутнефтегаз”), ондаған мұнай-сервис компаниялары мен әлем бойынша ресейлік мұнайды сатумен айналысатын трейдерлер кірді.
Сарапшылардың айтуынша, мұнай нарығына әлемдік экономикалық өсімнің баяулауына қатысты алаңдаушылық пен доллардың күшеюі де қысым көрсетіп отыр.