Brent маркалы мұнайдың бағасы 99,93 долларға жетті
Brent мұнайының бағасы бір күнде 2,01 долларға (2,05%) қымбаттады.
Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуі мен мұнай жеткізілімі тоқтап қалу қаупі әлемдік нарықтағы бағаның күрт өсуіне түрткі болды. Brent маркалы мұнайдың құны алты аптадан астам уақыттағы ең жоғары межеге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
8 қыркүйекте жаһандық нарықта Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы басында бір тәулікте 34 центке (0,35%) өсіп, барреліне 97,34 долларды құраған еді. Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) мұнайы 1,15 долларға (1,26%) қымбаттап, 92,63 долларға жеткен болатын.
Алайда 9 қыркүйектегі деректерген сәйкес, кейінгі сауда барысында ахуалдың күрт ушығуына байланысты баға тағы да секіріс жасады.
Гринвич уақыты бойынша 08:02-де (Астана уақытымен 13:02) Brent бағасы 2,01 долларға (2,05%) қымбаттап, 99,93 долларға жетті (саудада 100,19 долларға дейін көтерілді).
Ал WTI мұнайы 1,49 долларға (1,60%) өсіп, 94,52 долларды құрады. Бұл – 24 шілдеден бергі ең жоғары көрсеткіш.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім аймақтағы қақтығыстың ұзаққа созылу ықтималдығы мен мұнай тасымалына келетін қатерлермен тікелей байланысты.
Rystad Energy бас экономисі Клаудио Галимбертидің дерегінше, соғыс қимылдары қайта басталғанға дейін Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне 8-9 миллион баррель мұнай өткен болса, кейінгі уақытта бұл көрсеткіш күрт төмендеп, тәулігіне 2 миллион баррельден де азайған.
Сарапшылар Парсы шығанағынан мұнай жеткізуге қойылған шектеулер мен логистикалық кедергілер таяу айларда да сақталуы мүмкін екенін ескертеді.