Брендтерді заңсыз пайдаланғандар бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қазақстанда өзгенің тауар таңбасын заңсыз пайдаланғандарға арналған жаза күшейтіледі. Енді мұндай құқық бұзушылық үшін 6 айдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл норма Сенатта талқыланған “Зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасында көзделген. Құжат авторлардың және құқық иеленушілердің мүддесін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ құқықтарды басқару жүйесін цифрландыруға бағытталған.
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың айтуынша, заң жобасы бойынша айыппұл көлемі де өседі — 80 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін ұлғаймақ.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтың ауырлығын айқындайтын қосымша белгілер енгізіледі.
Министрлік өкілдері атап өткендей, жаңа заң аясында зияткерлік меншік саласында бірыңғай цифрлық платформа құрылмақ. Ол теледидар, радио және басқа да арналарда орындалатын туындыларды автоматты түрде анықтап, авторларға тиісті қаламақының әділ бөлінуін қамтамасыз етеді.
Бұл жүйе шығармашылық иелерінің еңбегін қорғауға және олардың табысын ашық, әділ түрде есептеуге мүмкіндік береді, – деді Әділет министрлігінің өкілдері.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 1 АЕК 3962 теңгеге тең.