Брекешев Алматы облысының жұртшылығымен және азаматтық сектор өкілдерімен кездесті

Алматы облысына жұмыс сапары барысында Экология министрі Серікқали Брекешев Ш. Шокин атындағы Қапшағай ГЭС өндірістік процесімен және облыс орталығының кәріз-тазарту құрылыстарының жұмысымен танысты, сондай-ақ жұртшылықпен және облыстың азаматтық секторының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Министр басқа өңірлермен салыстырғанда Алматы облысындағы экологиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті. Облыс бойынша ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 29,3 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың көрсеткіш деңгейімен теңдес (29,1 мың тонна). Бұған табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.

Сондай-ақ, атқарылған жұмыс туралы есеп барысында Министр қатысушыларға жол картасында көзделген 8 іс-шараның 3-уі орындалғанын хабарлады.

Мәселен, Қонаев қаласының қазандығы газға ауыстырылды, Қапшағай су қоймасының су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу бойынша жұмыстар орындалды, ал Балқаш көлінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Іле және Қаратал өзендерін механикаландырылған тазарту бойынша 3 іс-шара аяқталды. Сонымен қатар, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында Балқаш көліне жылына кемінде 12 км3 судың келуін қамтамасыз ету мақсатында 12 су объектісін тереңдету және тазарту, Балқаш көлі бассейніндегі 12 каналды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ, Қытай тарапымен су бөлу жөніндегі Келісім жобасын одан әрі келісу кезінде Балқаш көлінің экожүйелерін дамыту және сақтау мүдделері ескерілетін уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Биыл Алматы облысында 670 шақырым суару каналын қайта жаңарту жоспарлануда, бұл 12,5 мың га суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыста Дүниежүзілік банктің қаражаты есебінен 2018 жылдан бастап Еңбекшіқазақ және Балқаш аудандарының 830 км суару желілерін қайта жаңарту жобасы іске асырылуда, бұл 18 мың га суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді, - деп нақтылады С.Брекешев.

Жалпы ұзындығы 56 км Қаскелең суағары құрылысының I-кезегін, 2 және 3 іске қосу кешендерін іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс 2023 жылы аяқталады. Осының арқасында Қаскелең қаласында және Қарасай ауданының 141 мың адамы тұратын 18 АЕМ-да сумен жабдықтау жақсартылатын болады.

Алматы облысында осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 15,9%-ды құрады, бұл 2021 жылдың ұқсас деңгейінен 17,6%-ға жоғары, бірақ республикалық орташа деңгейден 24%-ға төмен. Биыл космомониторингтің көмегімен өңірде 340 полигон анықталды, оның 53%-ы (180 полигон) жойылды. Полигондардың пайда болу себептерінің бірі – ҚТҚ заңдастырылған полигондарының болмауы. ҚТҚ орналастырудың 131 объектісінің тек 7-і (5,3%) экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Бұл төмен көрсеткіш. Үш ауданда, атап айтқанда Кеген, Ұйғыр, Райымбек аудандарында ҚТҚ-ның бірде-бір заңдастырылған полигоны жоқ.

Осыған байланысты әкімдікке коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және бекіту ұсынылды.

Президенттің 2 млрд. ағаш отырғызу бастамасын іске асыру шеңберінде 2021 жылы Алматы облысында 1,6 мың га алқапқа 3,8 млн. ағаш отырғызылды, биыл облыс бойынша 8,3 млн. дана отырғызу жоспарлануда, жыл басынан бері 1,8 мың гектар жерге 0,9 млн. дана ағаш отырғызылды.

Сондай-ақ, Министр экологиялық туризмді дамыту мәселесін де тілге тиек етті. Соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтерге қарасақ, туристер санының біртіндеп өсуі байқалады. Экотуризмнің негізгі драйвері – Алматы өңірінің тау кластері, оның құрамына МҰТП 3 аумағы кіреді: бұл Іле-Алатау, Шарын және Алтын Емел. Онда экотуризмді дамыту тұжырымдамалары әзірленді. Инвесторлар анықталды. Бүгінгі таңда 3,3 млрд. теңге инвестиция құйылды.

Сонымен қатар, орман заңнамасы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы да сөз болды. Заң жобасы қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралуда.

Балық шаруашылығын дамыту саласында облыс әкімдігіне балық шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алу және қажетті жәрдем көрсету ұсынылды.

Кездесу соңында С. Брекешев Алматы облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Кездесудің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы