Бразилияның экс-президенті электронды білезікті паяльникпен шешпек болды

Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару электронды бақылау білезігін шешуге әрекет жасағаны үшін үйқамақтан түрмеге ауыстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Bild-ке сілтеме жасап.

Тергеу деректері анықтағандай, ол құрылғыны паяльниктің көмегімен шешпек болған. Сот отырысында Болсонару білезікті қызығушылықпен күйдіргенін айтқан. Бірақ, білезік жоғары температураға шыдап, шешілмеген.

Судьяның айтуынша, Болсонарудың әрекеті "қашу қаупінің жоғары екенін" көрсетеді. Оған тек білезікке әсер етуге тырысқан әрекет қана емес, экс-президенттің үйінің жанында оның ұлы Флавиу ұйымдастырған жақтастарының жуырдағы акциясы да дәлел бола алады. 

Соттың пікірінше, бұл демонстрация саясаткердің қашуына жағдай туғызуы мүмкін еді.

Бірнеше күн бұрын Бразилияның Жоғарғы соты Болсонарудың күзде шығарылған үкімге қарсы берген апелляциясын кері қайтарды. Сот 2022 жылғы сайлауда жеңілгеннен кейін сайлау нәтижелерін жоюға ұмтылған "қылмыстық ұйымды" Болсонару басқарғанын дәлелденген деп тапты.

Еске салайық, Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару 2022 жылғы сайлаудан кейін мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деп танылып, 27 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған. Бұл шешімді Бразилияның Жоғарғы федералды сотының сот алқасы 11 қыркүйекте қабылдаған еді.

Тергеу нұсқасына сай, Болсонару демократиялық жолмен сайланған үкіметті құлатуға тырысқан қарулы топты ұйымдастыруға қатысқан, 2023 жылдың қаңтарында мемлекеттік мекемелерді басып алуға себепкер болған және тарихи ғимараттарға зиян келтірген. Оған бірден бес бап бойынша айып тағылып, кінәлі деп танылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы