Бразилияның экс-президенті 5,4 млн доллардан астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді
Бразилия полициясы бұрынғы президент Жаир Болсонаруды ақша жымқыру ісіне қатысы бар деп тергеп жатыр. Экс-президент шамамен 5,4 миллион доллардан (30 млн реалдан) астам қаржыны заңсыз айналымға салған, деп хабарлайды BAQ.KZ Folha de Sao Paulo басылымына сілтеме жасап.
Федералды полицияның тергеуінде 2023 жылғы 1 наурыз бен 2025 жылғы 5 маусым аралығында Болсонаруға тиесілі есепшоттарда күмәнді қаржылық операциялар жүргізілгені анықталған. 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың ақпанына дейінгі аралықта оның шоттарында кіріс және шығыс операцияларының көлемі 30 миллион доллардан асқан.
Бұл экс-президентке қатысты алғашқы айып емес. 2025 жылдың маусым айында федералды полиция оны тыңшылық жасады деп айыптады. Тергеу дерегінше, Болсонару Үкіметке қарсы адамдарды жасырын бақылау жүйесін құрған, оны экс-президенттің ұлы Карлос Болсонару басқарған.
Сондай-ақ, биыл ақпан айында Бас прокуратура Болсонаруды мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деп айыптады. Тергеу материалдарына сәйкес, ол қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силваға қарсы шабуыл жасауды жоспарлаған. Бұл іске барлығы 34 адам тартылған.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтарында Болсонару жақтастары үкіметтік ғимараттарды басып алмақ болып, ауқымды тәртіпсіздік шығарған еді. Ол кезде 5 мыңға жуық адам қатысып, олардың 1,4 мыңы ұсталған. Қазіргі таңда Болсонару үй қамағында отыр.