Бүгiн 2026, 15:20 Фото: DailyMail

Бразилияда өзін 12 жасар бала ретінде ұстаған 37 жастағы алаяқ әйел тұтқындалды

37 жастағы әйел өзін бала сияқты көрсетіп, біреудің есебінен өмір сүрген.

Бразилияда қатыгез ата-анасынан қашып шыққан 12 жасар қыз кейпіне еніп, бірнеше ай бойы елді алдап келген 37 жастағы әйел ұсталды.

DailyMail басылымының жазуынша, күдікті «Габриэль» деген жалған есімді жамылып, жергілікті бір отбасыны өзін үйіне паналатуға көндірген. Әйел өзінің көрші штаттан келгенін және үйдегі зорлық-зомбылықтан қашып жүргенін айтқан. 

Тергеу мәліметтері бойынша, алаяқ әйел баланың образын айнытпай салған. Ол балаларға арналған бөтелкелер мен емізіктерді пайдаланған. Матадан жасалған жұмсақ ойыншықпен ұйықтаған, жіңішке дауыспен сөйлеп, айналасындағыларға эмоционалды тәуелділігін көрсеткен.

Түнде ол өзіне аяушылық тудырып, назар аударту үшін үрейлену ұстамаларын (паникалық атака) қолдан жасап отырған. Ерлі-зайыптылар оның оқиғасына сенгені соншалық, тіпті оның 12 жасқа толған туған күнін ұйымдастырып берген. Семіздікке қарсы дәрі-дәрмектерін төлеген, тіпті оны ресми түрде асырап алу мүмкіндігін де қарастырған, – деп атап өтті детективтер.

Алайда әйел заңды түрде асырап алу процедуралары туралы әңгімелерден үнемі қашқақтап, өзін растайтын ешқандай жеке құжаттарын көрсетпеген.

Сонымен қатар, ол асырап алған отьасына өзін «қатыгез әкесі тауып алады» деген сылтаумен мектепке жібермеуге көндірген.

Алаяқ әйелдің әрекеті ерлі-зайыптылардың туыстарының бірі полицияға жүгінгеннен кейін әшкере болған.

Тергеу барысында қызметкерлер күдіктінің кім екенін анықтап, оны 2026 жылдың 2 маусымында Жуанвиледегі Пирабейраба ауданында қолға түсірді. Жауап алу кезінде әйел өз кінәсін мойындады, – делінген басылым жарияланымында.

Қазіргі уақытта оған алаяқтық және жеке мәліметтерді қолдан жасау айыптары тағылды. Қазір әйел тергеу изоляторында қамауда отыр.