Бүгiн 2026, 15:19 Фото: depositphoto.com

Бразилияда миллиондаған адамға «НЛО шабуылы» туралы жалған ескерту келді

Хакерлер мемлекеттік жүйені бұзып, миллиондаған тұрғынға жалған ескерту хабарламаларын жіберген.

Бразилияның бірнеше өңірінің тұрғындары мемлекеттік органдардың атынан жіберілген ерекше хабарламалар алды. Онда жерден тыс өркениет өкілдері шабуыл жасауы мүмкін екені туралы ескерту болған. Кейін билік бұл жағдайға ақпараттық жүйенің бұзылуы себеп болғанын мәлімдеді.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, миллиондаған азаматтың ұялы телефонына әртүрлі мазмұндағы хабарламалар түскен. Кейбір ескертулерде «мизантропия» сөзі қолданылса, Белу-Оризонти қаласының тұрғындарына болжамды «беймәлім ұшатын нысандардың шабуылы» туралы хабарлама жіберілген.

Хабарламалар тарағаннан кейін билік олардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, киберинцидент болғанын хабарлады. Бразилия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жүйеге хакерлік шабуыл жасалып, соның салдарынан қаскөйлер мемлекеттік құрылымдардың атынан жалған хабарламалар тарату мүмкіндігіне ие болған.

Қазір мамандар жүйенің жұмысын қалпына келтіріп, шабуылдың салдарын жоюмен айналысып жатыр. Оқиғаны тергеуге федералдық полицияны тарту жоспарлануда.

Билік тұрғындарды расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларына ғана сүйенуге шақырды.